АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Газа секторындағы атысты 60 күнге тоқтату шарттарына келіскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Менің өкілдерім израильдіктермен Газа мәселесі бойынша ұзақ әрі нәтижелі кездесу өткізді. Израиль 60 күндік атысты тоқтату процесін аяқтау үшін қажетті шарттарға келісті, - деді Трамп.
Оның айтуынша, бұл кезеңде Ақ үй тараптармен белсенді байланыста болады. Бітімгершілік туралы түпкілікті ұсынысты Катар мен Египет әзірлеп жатыр. Трамп бұл елдердің бейбітшілік орнату жолында көп жұмыс атқарғанын атап өтті.
Мен Таяу Шығыс халқының игілігі үшін ХАМАС бұл келісімге келіседі деп үміттенемін, себебі бұдан жақсысы болмайды, тек нашарлайды, - деп мәлімдеді АҚШ президенті.
Сол күні Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды атысты тоқтатуға көндіруге тырысатынын хабарлады. Ол бұл келіссөздерде "өте қатал" ұстанымда болатынын да қосты.