АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні, 16 қаңтарда Иран билігінің жоспарланған көптеген өлім жазасын тоқтату жөніндегі шешімін құптайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеше өтуге тиіс болған барлық дарға асу жазаларының (800-ден астам) Иран басшылығы тарапынан тоқтатылғанын жоғары бағалаймын. Рахмет! - деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жұма күні аятолла Ахмад Хатами астанасы Тегеранда өткен наразылық акцияларына қатысқан адамдар өлім жазасына кесілуі тиіс деген мәлімдеме жасаған.
Трамп Ирандағы наразылық білдірушілерді бірнеше рет қолдайтынын айтып, 28 желтоқсанда Тегеранда басталған, иран риалының күрт құнсыздануы мен экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты өткен демонстрациялар кезінде биліктің әрекеттерін қатаң сынға алған. Кейін бұл шерулер елдің өзге де бірқатар қалаларына тараған.
АҚШ президенті бұған дейін әскери араласу нұсқасы да мүмкін екенін айтқанымен, иран билігінің наразылық білдірушілерге қатысты кейбір жоспарланған өлім жазаларын тоқтатқанын білгеннен кейін соққы жасау ықтималдығын төмендеткенін жеткізген.
Сол күні кешірек Трамп журналистерге Иранға әскери соққы жасамау туралы шешімді өзі қабылдағанын айтып, бұл таңдауға шетелдік көшбасшылар ықпал етті деген болжамдарды жоққа шығарды.
Мені ешкім үгіттеген жоқ. Мен өзімді өзім иландырдым. Кеше 800-ден астам өлім жазасы жоспарланған еді. Бірақ бірде-бір адам дарға асылған жоқ. Олар бұл жазаларды тоқтатты. Бұл менің шешіміме үлкен әсер етті, — деп түйіндеді Трамп.