АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бес күндік бітім жариялағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ басшысы бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады.
Қуанышты хабарым бар. Соңғы екі күн ішінде Америка Құрама Штаттары мен Иран Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерімізді толық әрі жан-жақты реттеу мәселесі бойынша өте жақсы және нәтижелі келіссөздер жүргізді. Осы мазмұнды, егжей-тегжейлі әрі сындарлы келіссөздердің сипаты мен бағытын ескере отырып, олар алдағы апта бойы жалғасады, мен Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына бағытталған кез келген әскери соққыларды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырдым. Бұл қазіргі кездесулер мен талқылаулар сәтті аяқталған жағдайда жүзеге асады, – деп жазды Трамп.
22 наурызда Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашуды талап етіп, 48 сағаттық ультиматум қойған еді. Әйтпесе, АҚШ президенті Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасайтынын мәлімдеген.
Осыдан кейін ирандық БАҚ-та Ислам революциясы сақшылар корпусының атымен таратылған хабарламада Иран Таяу Шығыстағы АҚШ-тың барлық инфрақұрылымын жоятынын айтқаны туралы ақпарат пайда болды.