Иран айналасындағы қақтығысты тоқтатуға тырысып жатқан елдер 45 күндік бітімгершілік жоспарын дайындады. Онда әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды Ормуз бұғазының жұмысын қайта бастау да қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
CNN мәліметінше, құжат жексенбі күні кешкісін АҚШ пен Иранға жолданды. Бұл жоспар жағдайдың ушығуын болдырмаудың соңғы мүмкіндігі ретінде қарастырылуда.
Бұған дейін Дональд Трамп ескерту жасаған болатын: егер бұғазды бұғаттау жалғаса берсе, АҚШ Иранның электр станциялары мен басқа да инфрақұрылымдарына жаппай соққы беруі мүмкін.
Дегенмен, Ақ үй Трамптың бұл жоспарды әлі қолдамағанын аңғартты.
Бұл – көптеген идеялардың бірі ғана, – деді АҚШ әкімшілігінің өкілі.
Сонымен қатар, оның айтуынша, АҚШ-тың Ирандағы әскери іс-қимылдары жалғасуда. Бүгін шығыс уақыты бойынша сағат 13:00-де Дональд Трамп Ақ үйде баспасөз мәслихатын өткізіп, қалыптасқан жағдайға қатысты түсініктеме береді деп күтілуде.