АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ядролық бағдарламасын жақын арада қайта жандандыра алмайды деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ CNN арнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, АҚШ шабуыл жасаған ирандық нысандардан ядролық материалдар шығарылмаған, себебі оны техникалық жағынан орындау мүмкін болмаған.
Объектілерден ештеңе шығарылмады. Бұл өте қауіпті және ауыр материалдар. Оларды әкету үшін арнайы көлік пен ұзақ уақыт керек, – деді Трамп CNN арнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол Иранның ядролық әлеуетін қалпына келтіруі бірнеше жылдарға созылуы мүмкін екенін, және Тегеран жақын болашақта бұл бағытқа қайта оралмайтынына сенімді екенін айтты.
Трамптың мәлімдемесіне сәйкес, Иран тарапы АҚШ-пен диалогты жалғастыруға және ядролық мәселені талқылауға ниет білдіріп отыр.
Еске салсақ, 22 маусымда АҚШ алғаш рет Израиль мен Иран арасындағы әскери жанжалға тікелей араласты. Америкалық қарулы күштер Иранның үш ядролық нысанына – Фордо, Натанз және Исфаханға әуеден соққы берді. Бұған жауап ретінде Иран Катардағы АҚШ әскери базасына зымыранмен шабуыл жасады.