АҚШ президенті алдағы екі аптадан кейін Йоханнесбургте өтетін "Үлкен жиырмалық" саммитіне АҚШ делегациясы қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп 22–23 қарашада Йоханнесбургте өтетін G20 елдерінің саммитін бойкоттауға ниетті. 8 қараша күні түнде Truth Social желісіндегі жазбасында ол Оңтүстік Африка Республикасын "ақ фермерлерді өлтіру" және "олардың жерін заңсыз тартып алу" бойынша айыптады.
Бұл адам құқықтарын бұзу жалғаса берсе, АҚШ үкіметінің бірде-бір өкілі саммитке қатыспайды, — деп жазды Трамп.
Ол өз айыптауларын кезекті рет ешбір дәлелсіз келтірумен қатар, ОАР-дің 2025 жылғы G20 саммитін өткізу ордасы ретінде таңдалуын "масқара шешім" деп атады.
5 қыркүйекте Трамп қарашадағы саммитке өзі қатыспайтынын жариялаған болатын. Оның орнына G20 жиынына АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс барады деп жоспарланған. Алайда жаңа мәлімдемеден кейін Вэнстің сапары да тоқтатылуы мүмкін екені байқалады.
21 мамырда ОАР президенті Сирил Рамафоса Ақ үйге барған кезде, Дональд Трамп елде "ақ фермерлер жаппай өлтіріліп жатыр" деп мәлімдеген. Ол мұны дәлелдеу үшін бірнеше фото көрсеткен. Бірақ Reuters-тің жазуынша, фотолардың бірі Конго Демократиялық Республикасының Гома қаласындағы қақтығыс салдарынан қаза тапқандардың денелерін тасып бара жатқан құтқарушыларды көрсеткен.
Кездесу кезінде Рамафоса Трамптың "геноцид" туралы айыптауын үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Тағы бір "дәлел" ретінде Трамп қаланың сыртында сапқа тізілген жүздеген ақ кресттің фотосын көрсетті. Оның айтуынша, бұл — мыңға жуық өлтірілген ақ фермердің қабірлері. Алайда KNA агенттігі бұл суреттердің шын мәнінде 2020 жылы ОАР-дің шығыс бөлігіндегі наразылық акциясында түсірілгенін мәлімдеді.
Дональд Трамптың айтуынша, 2026 жылғы G20 саммиті Майами маңындағы Дорал қаласында орналасқан, өзіне тиесілі гольф-клуб пен қонақүй кешенінде өтеді.