АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық Одақтың Америка экономикасына уәде етілген инвестицияларды салмағаны үшін импорттық баж салығын 35%-ға дейін көтеру мүмкіндігін мәлімдеді. Бұл туралы ол CNBC арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Егер олар міндеттемелерін орындамаса, 35% баж төлейтін болады, – деді Трамп.
Оның айтуынша, АҚШ бұған дейін ЕО-мен сауда келісімі аясында тарифтерді 30%-дан 15%-ға дейін төмендеткен. Бұл жеңілдік Еуропа тарапынан 600 миллиард долларлық инвестиция тарту мақсатында жасалған.
Бұл – үш жыл бұрын берілген несие емес. Бізге ештеңе қайтарудың қажеті жоқ. Олар бізге 600 миллиард доллар берді, біз оны қалаған жерге сала аламыз, – деп мәлімдеді Трамп.
Айта кетейік, 27 шілдеде Трамп Еуроодақпен сауда келісіміне қол жеткізгенін хабарлаған еді. Bloomberg-тің дерегінше, келісім арқылы ЕО 30 пайыздық баж салығынан құтылып, АҚШ-тың энергетикалық ресурстарын (750 млрд доллар) сатып алуға және қосымша 600 млрд доллар инвестиция салуға келіскен.
Еске салсақ, Путин Трамптың соғысты тоқтату туралы ультиматумына көнбейтіні туралы жаздық. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етіп, кері жағдайда Ресейге жаңа санкциялар салатынын және оның мұнайын сатып алатын елдерге 100%-дық баж салығын енгізетінін ескерткен. Бірақ Ресей көшбасшысы бұл талапқа көнбей, әскери әрекеттерін жалғастыруға ниетті.