АҚШ президенті Дональд Трамп 20 шілде күні елдің 44-президенті болған Барак Обаманы 2016 жылғы президенттік сайлауда алаяқтық жасады деп айыптады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл мәлімдемені Трамп өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады.
«Мамандар тобы Обаманы және жоғары деңгейдегі сайлау алаяқтығына айқын қатысы бар “бандаларды” сотқа тарту қажеттілігі жөнінде тамаша пікір білдірді», – деп жазды Трамп.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тың ұлттық барлау қызметінің бұрынғы директоры Тулси Габбардтың Fox News арнасында сөйлеген сөзіне жауап ретінде жарияланды.
Габбард өз сөзінде тергеу материалдарына сілтеме жасап, Обама әкімшілігі АҚШ-тың барлау құрылымдарын Трамптың президенттігін әлсірету мақсатында саяси құрал ретінде пайдаланған деп мәлімдеді.