АҚШ президенті Дональд Трамп келесі аптада Египетте Газа секторындағы жағдайды талқылауға арналған халықаралық саммит өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Axios порталы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылымның мәліметінше, саммит Трамптың Газаға арналған бейбітшілік жоспарына халықаралық қолдау жинауға бағытталған. Кездесуде тараптар соғыстан кейінгі басқару, қауіпсіздік пен бейбіт өмірді қалпына келтіру тетіктерін талқылайды.
Саммитке Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Катар, БАӘ, Иордания, Түркия, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Индонезия елдерінің басшылары немесе сыртқы істер министрлері қатысады деп күтілуде.
Бұған дейін 9 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату және кепілге алынған адамдарды босату туралы келісімге келген болатын. Келісімге сәйкес, қақтығыс аймағындағы әскери қимылдар тоқтатылып, Израиль ішінара Газадан әскерін шығарады.
Трамп бұған дейін Таяу Шығысқа барып, Газада бейбіт келіссөздер жүргізуге ниетті екенін айтқан еді.