Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп: АҚШ Венесуэлаға екінші, ауқымды шабуыл жасауға дайын

3 Қаңтар 2026, 22:26
634
Бөлісу:
 Reuters
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп қажет болған жағдайда Венесуэлаға екінші әрі «одан да ауқымды» әскери соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы операция жоғары деңгейде жүзеге асқан, сондықтан қосымша шабуылдың қажеттілігі туындамауы да мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Трамп Венесуэладағы мұнай саласын «сәтсіздікке ұшыраған» деп атап, АҚШ-тың ірі компаниялары елге келіп, миллиардтаған инвестиция салып, мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіре алатынын айтты. Оның сөзінше, бұл Венесуэла экономикасына қаржы тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар АҚШ президенті Америка Құрама Штаттары Венесуэланы «биліктің қауіпсіз, тиісті және ақылға қонымды ауысуы қамтамасыз етілгенге дейін» басқаратынын мәлімдеді. Трамптың айтуынша, АҚШ бұл қадамға елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барып отыр.

Ол Венесуэла күштері америкалық әскерді «күтіп отырғанын» айтқанымен, олардың қысқа уақытта толық жеңіліске ұшырағанын атап өтті. Трамптың мәлімдеуінше, операция барысында бірде-бір америкалық әскери қызметкер қаза таппаған және әскери техника жоғалмаған.

Сондай-ақ Трамп АҚШ теңіз арқылы тасымалданатын есірткінің 97 пайызын жойғанын айтып, есірткінің басым бөлігі Венесуэладан жеткізіледі деп мәлімдеді. Бұл деректер тәуелсіз түрде расталмаған.

АҚШ президенті Венесуэладағы әскери операцияны «ерекше» деп атап, әскерилерге жылдамдық, дәлдік пен кәсібилік үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, операция әуе, құрлық және теңіз күштерінің қатысуымен жүргізілген.

Сонымен бірге Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ-та «америкалық әділет алдында жауап береді» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, оларға АҚШ пен оның азаматтарына қарсы «есірткі терроризмі» бойынша айып тағылған.

Өзгелердің жаңалығы