Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп: АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен жаңа, жақсы қатынастар кезеңі басталды

8 Қараша 2025, 11:00
357
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Орталық Азияның бес елінің – Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан президенттерін қабылдау өзі үшін үлкен құрмет болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жазды. Оның мәлімдеуінше, өткен саммит АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудағы маңызды қадам болды.

Кеше Ақ үйде бес тамаша елдің президенттерімен саммит өткізу мен үшін үлкен құрмет болды: Қазақстаннан Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстаннан Шавкат Мирзиёев, Тәжікстаннан Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасынан Садыр Жапаров және Түрікменстаннан Сердар Бердымұхамедов, – деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Америкалық жетекші алдыңғы әкімшіліктер соңғы отыз жылда аймаққа жеткілікті көңіл бөлмегенін атап өтті. Ол Орталық Азия Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың тоғысқан тұсындағы маңызды геосаяси аймақ екенін, сондай-ақ қоры мол минералдарға, көмірсутектерге және адам капиталына ие екенін айтты.

C5+1 платформасының 10 жылдығына орай елдер арасында миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдер жасалды. Трамптың айтуынша, бұл келісімдер АҚШ-та авиация, минералдық шикізат, ауыл шаруашылығы, теміржол, автомобиль өндірісі және технология салаларында ондаған мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Президент саммит АҚШ пен Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан арасындағы "жаңа, тамаша қатынастар кезеңін" бастағанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы