Дональд Трамп әкімшілігі 1200-ден астам шетелдік студенттің иммиграциялық мәртебесін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Оклендтегі (Калифорния) федералды сотта үкімет прокуроры мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press-ке сілтеме жасап.
АҚШ Иммиграция және кеден қызметі (ICE) соңғы апталарда Шетелдік студенттер мен келушілер туралы ақпарат жүйесіндегі (SEVIS) жазбалары жарамсыз болып қалған адамдардың мәртебесін қолмен қайта қалпына келтіру процесін жүргізіп жатқанын хабарлады. Осыған ұқсас мәлімдеме Вашингтонда өткен басқа тыңдау барысында да жасалды.
ICE SEVIS жазбаларын тоқтату үшін негіздеме беретін директиваны әзірлеуде. Мұндай директива жарияланғанға дейін, талапкерлердің SEVIS жазбалары белсенді күйінде қалады немесе, егер қазіргі уақытта белсенді болмаса және жазба тек NCIC деректеріне сүйене отырып өзгертілмесе, қайта іске қосылады, — делінген талапкерлердің мүдделерін білдіретін адвокат Брайан Гриннің мәлімдемесінде.
SEVIS — шетелдік студенттердің визалық талаптарға сәйкестігін бақылауға арналған ұлттық мәліметтер базасы. Ал NCIC (Ұлттық қылмыстық ақпарат орталығы) — АҚШ Федералдық тергеу бюросының соттылық және құқық қорғау органдарының басқа да деректері жинақталған жүйесі.
Associated Press деректеріне сүйенсек, наурыз айының соңынан бастап 1200-ден астам шетелдік студент иммиграциялық мәртебесінен айырылған. Бұл жағдай АҚШ-та шетелдік студенттердің құқықтарын қорғау бағытында бірнеше сот процесінің басталуына себеп болды. Федералды судьялар студенттерді жаппай мәртебеден айыру тәжірибесін уақытша тоқтату туралы бұйрықтар шығарды.
Әкімшілік бұл бағыттағы жұмысын сот талаптарына сәйкес жалғастырып, студенттердің мәртебесін қайта қарастырып жатыр.