Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп 2018 жылдан бері салынып жатқан АҚШ-Канада көпірін ашқызбайтынын мәлімдеді

Бөлісу:
 Getty Images арқылы AFP
Фото: Getty Images арқылы AFP

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Канада арасын жалғайтын халықаралық Горди Хоу көпірінің ашылуын бұғаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Вашингтон Канададан «берілгеннің барлығы үшін толық өтемақы» алмайынша, нысан іске қосылмайды. Бұл туралы ВВС агентті жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Оттава «АҚШ-қа лайықты құрмет пен әділдік танытпайынша» көпір пайдалануға берілмейтінін айтты. Ол сондай-ақ АҚШ бұл инфрақұрылым нысанының «кемінде жартысына» иелік етуі керек деген пікір білдірді.

Айта кетейік, Детройт өзені арқылы өтетін көпір Канаданың Онтарио провинциясы мен АҚШ-тың Мичиган штатын байланыстырады. Жоба 2018 жылдан бері салынып жатыр және Канада үкіметінің қаржысына жүзеге асқан. Құрылысқа жауапты Виндзор–Детройт көпір басқармасы толықтай Канада үкіметіне тиесілі.

Мичиган штатының сенаторы Элисса Слоткин бұл бастаманың тоқтауы аймақ экономикасына ауыр соққы болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл кәсіпорындар шығынын арттырып, жеткізу тізбектерін әлсіретіп, жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін.

Өз кезегінде Мичиган губернаторы Гретхен Уитмер де Трамптың мәлімдемесін сынға алып, жобаны «екі ел арасындағы табысты әріптестіктің үлгісі» деп атады.

Қазіргі уақытта көпірді ашу үшін қажетті сынақтар мен рұқсат алу рәсімдері жүріп жатыр. Алайда Трамптың мәлімдемесі бұл үдерістің саяси сипат алып, созылып кетуі мүмкін екенін аңғартады.

Өзгелердің жаңалығы