"Тойымсыз мердігерлерді асыраудың қажеті жоқ". Депутат қаражатты қатаң бақылауды талап етті

Бөлісу:
"Тойымсыз мердігерлерді асыраудың қажеті жоқ". Депутат қаражатты қатаң бақылауды талап етті
Фото: BAQ.KZ архив

Депутат Ерлан Сайыров үкіметтен инфрақұрылымдық жобалардың құнын негізсіз арттыруды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бюджет қаражатын үнемдеуді және тек ең маңызды мәселелерді шешуге бағыттауды тапсырғанымен, соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобалардың қымбаттау тенденциясы байқалып отыр. Бұл тек орталық деңгейде ғана емес, өңірлерде де орын алып отыр.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жол құрылысы саласындағы жобалық-сметалық құжаттаманың құнын 10 миллиард теңгеге асыра бағалау фактілерін анықтаған. Жол құрылысы мердігерлері бағаның негізсіз көтерілуі мен жаңа қаржылық құжаттарды қайта қарауды қалыпты тәжірибе ретінде қабылдайды, - деді депутат.

Оның сөзінше, Алматы метросының құрылысы кезінде бас мердігер “Базис-А” компаниясына әр жолы қосымша миллиардтаған теңге бөлінгенімен, жұмыс көлемі қысқаруда. Сондай-ақ, Екібастұздағы үшінші энергоблоктың құрылысы туралы 30 жылдан бері айтылып келеді. 2012 жылы Екібастұз ГРЭС-2 станциясы 73,9 миллиард теңгеге қазандық пен турбоагрегат сатып алу туралы келісім жасасып, оның 38 миллиард теңгесін алдын ала төлеген. Алайда, арада 12 жыл өтсе де, жоба толық аяқталған жоқ. 

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, 2023 жылы газ құбырларын салу жобасының құны 10 миллиард теңгеге негізсіз көтерілген. Мұндай мысалдар жүздеп саналады. Егер орынсыз қымбаттауларға жол берілмесе, бюджеттен жүздеген миллиард теңгені үнемдеуге болар еді.

“АMANAT” фракциясы салық төлеушілердің қаражатын жұмсауда қатаң тәртіп орнататын уақыт келгенін мәлімдеді. Жобалардың құнын негізсіз арттыруға жол берілмеуі тиіс.

Мемлекеттің қаржысы қатаң бақылауда болуы керек. Тойымсыз мердігерлерді асыраудың қажеті жоқ, тапсырыс берушілердің шектен тыс талаптарына да тоқтау салу керек, – деді фракция өкілі Ерлан Сайыров.

Осыған байланысты депутат үкіметтен инфрақұрылымдық жобаларға бөлінетін қаражатты жоспарлау мен жұмсау процесін қатаң бақылауға алуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы