Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында өткен тойға қатысқан қонақтардың жаппай улану фактісі бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Өңірлік Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Улану фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы (санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп хабарлады ведомство редакцияның сауалына берген жауабында.
Тергеу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Бұған дейін Қандыағаштағы мейрамханалардың біріне барғаннан кейін ішек инфекциясының белгілерімен 102 адамның медициналық көмекке жүгінгені хабарланған еді. Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың 34-інде сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелген.
Қазіргі уақытта аталған қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.
Алматы облысында да 19 адам суши жеп уланып қалған болатын.
Тағы оқи отырыңыз: Жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болады?