Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Футболдан Ресей құрамасының экс-капитаны Роман Широковқа байланысты сот үкімі шықты.
Ол әуесқой командалар арасындағы чемпионатта төрешіні ұрған болатын. Прокурор соттан Широковты 1 жыл 10 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда Мәскеу соты басқаша шешім шығарды. Яғни 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Сонымен қатар арбитрге моральдік залал келтіргені үшін 100 мың рубль айыппұл төлейді.
Бұл жағдай 10 тамызда орын алған. Широков ойнайтын «Матч ТВ» мен «Ничего Обычного» командалары Селебрити кубогында кездескен. Широков төрешіні алдымен беттен ұрып, сосын аяғымен тепкен. Өйткені арбитр симуляция жасады деп карточка көрсеткен.
39 жастағы Широков Ресей премьер-лигасындағы ЦСКА, «Спартак», «Краснодар», «Зенит», «Химки», «Рубин», «Сатурн» командаларында ойнаған. Ал Ресей құрамасы сапында 56 матч өткізіп, 13 гол соққан. Ол карьерасын 2016 жылы Еуропа чемпионатынан кейін аяқтады.