Елордамыздың жаңа атауына жастарымыз тез үйренеді – Тоқтар Болысов

22 Наурыз 2019, 18:18
2551
Бөлісу:
Елордамыздың жаңа атауына жастарымыз тез үйренеді – Тоқтар Болысов
Фото: автордан

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордаға Нұр-Сұлтан атауын беруді ұсынған. Президенттің сол ұсынысын Қазақстан Жастары Конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов қолдайды.

Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елордаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы ұсынысына қатысты пікірін айтты.

"Астана қаласының атауын өзгертуге келсек, бұл тосын жаңалық емес. Бұған дейін де бірнеше рет айтылып келе жатыр. Мемлекет астанасының атауын өзгерту тәжірибесі әлемде бар. Мысалы, АҚШ астанасы Вашингтонды алайық. Вашингтон – АҚШ-тың саяси орталығы. Сол секілді біздің Елордамыз да, яғни Нұр-Сұлтан қаласы да еліміздің саяси орталығы. Астанаға Нұр-Сұлтан атауын беруді қисынға келетін іс деп ойлаймын. Сол атауға үйренісу – ендігі мәселе. Бұған уақыт керек. Уақыт өте үйренеді. Халқымыз, соның ішінде жастарымыз тез бейімделетініне сенемін. Астананың атауын өзгерту жақсы ма, жаман ба, дегенге келсек, мұнда ең бастысы – атауы емес, қаланың өмір сүруге қолайлы болуы. Қалаға газ жүргізіп, адам өмір сүруіне қауіпсіз етіп, сапалы білім беріп, балаларымыздың, жастардың дамуына арналған инфрақұрылымды жақсартса, ең қажеті де маңыздысы да осы. Соның барлығымен қамтамасыз ете отырып, бұған қосымша қала атауын мемлекет негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев есімін берсе, нұр үстіне нұр", - дейді Тоқтар Болысов.

Еске салсақ, 20 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мынадай ұсыныс айтқан болатын.

«Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Елордамызға біздің Президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан деп аталуы тиіс. Бұндай ұсыныс бұрын да парламентарий, парламент депутаттары тарапынан айтылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар елордамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент орнатып, барлық облыстық қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін беруді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол күні Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдап дауыс берді.

Өзгелердің жаңалығы