Астанада белгілі спортшылар, қоғам белсенділері құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірлесе «Тоқта, вандал» акциясы аясында қала аудандары бойынша түнгі рейд өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап
Оған қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірме өткізді, сондай-ақ тәртіп бұзушыларды ұстады.
Акция қалалық мүліктің бүлінуіне жол бермеуге және тәртіпті сақтауға бағытталған. Рейдке полиция департаментінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен еріктілер қатысты. Олардың қатарында панкратион мен джиу-джитсудан әлем, Еуразия және Азия чемпионы және қазақстандық кәсіпқой жауынгер Василий Тахтай, стрит-воркауттан ҚР құрамасының бас бапкері, әлем чемпионы Айтым Жақыпов секілді акцияны қолдаған белгілі спортшылар да болды.
Спортшылар құқық қорғау органдарымен бірге тәртіп бұзушыларды ұстады, өтіп бара жатқан адамдарға қаладағы тәртіп пен тазалықты сақтаудың, қалалық ортаға ұқыпты қарауды қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, «Тоқта, вандал» акциясы 2 тамыздан басталып, жыл соңына дейін жалғасады.