Таразда Тоқпановтың ескерткіші ашылды

25 Желтоқсан 2019, 12:42
3287
Бөлісу:
Таразда Тоқпановтың ескерткіші ашылды
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының 80 жылдығына арналып ашылған рухани нысандардың көшін А.Тоқпановтың ескерткіші бастады. Облыстық қазақ драма театрының негізін қалап, ондағы шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігін жетілдіруге өз қолтаңбасын қалдырған режиссердің мүсіні өнер ордасының алдына қойылды.

Ескерткіштің лентасын КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Асқар Тоқпановтың шәкірті, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов және Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев қиды. 

WhatsApp Image 2019-12-25 at 10.36.55.jpeg

Олар тұлға туралы есті естеліктері мен тағылымды ойларын ортаға салып, А.Тоқпановтың ескерткішінің облыстық театр алдынан ашылып отырғанын өте орынды шешім болғанын баса айтты. Ескерткішке ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, облыс әкімі А.Мырзахметов және бірқатар зиялылар қауым өкілдері ескерткішке ықылас гүлін қойды.

Сондай-ақ, шара барысында А.Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі "Тоқпанов тұлғасы" атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қонақтар үшін А.Тоқпановтың қызмет жолы, еңбектері, наградалары, шәкірттері жайлы фотостенд ұйымдастырылып, тұлға туралы деректі фильм көрсетілді.

WhatsApp Image 2019-12-25 at 10.39.18.jpeg


Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан бұл ұсыныс бойынша қазір Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда.

Облыс театрына тұлғаның есімін беру - өнерсүйер қауымның көптен бергі арман-тілегі болатын. Өйткені қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға өз еңбек жолында Жамбыл облыстық қазақ театрында да елеулі еңбек еткен. Көптеген қойылымдар сахналап, шәкірттер тәрбиелеген.

Бұл ұсынысты осыдан 10-15 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазғанымен, жауапсыз қалған еді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы мәселені Үкімет, Мәдениет министрлігі деңгейінде көтеріп, игі бастама өз шешімін табуда.

А.Тоқпанов есімі бұған дейін елімізде ешқандай театр мен өнер ұжымына берілмеген. Ал 1936 жылы құрылған облыстық қазақ драма театры осы жылдар бойы бірде-бір тұлғаның атымен аталмаған. Осы тұрғыдан алғанда бұл бастама көпшіліктен зор қолдау табуда.

Театр режиссерінің мүсінін белгілі мүсінші Момыш Сұлтан жасап шықты. Оның құрылысына танымал меценат "Super pharm" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев демеушілік еткен.



Өзгелердің жаңалығы