Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2029 жылға дейін жалғасатын "Таза Қазақстан" атты ұлттық экологиялық акция қарқын алып келеді. 11 қазан күні осы науқанның күзгі кезеңі аясында ел көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, оған Мемлекет басшысының өзі де тікелей қатысты. Науқанның осы кезеңдегі негізгі нәтижелері, экология саласындағы цифрлық жаңашылдықтар мен болашақ жоспарлар туралы BAQ.KZ тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен сұхбаттасты.
Ерлан Нұралыұлы – орман шаруашылығы маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, еңбек жолын орман шаруашылығы шеберінен бастап, ұзақ жылдар бойы «АстанаЗеленстрой» мекемесін басқарған, яғни экология мен көгалдандыру мәселелерін терең білетін маман.
- Ерлан Нұралыұлы, Президенттің бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" акциясы елдегі ең ауқымды қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. Бүгінгі күнге дейінгі басты жетістіктер қандай?
- Қайырлы күн! Менің ойымша, бұл бастаманың басты жетістігі – қоғамды біріктіруде қуатты күшке айналғанында. Бүгінгі күнге дейін республика бойынша 1200-ге жуық экологиялық іс-шара өтіп, 5,4 миллион адам қатысқан. Бұл – жай сенбіліктер ғана емес, бұл – адамдардың өмір сүру ортасын жақсартуға саналы түрде қатысуы.
Нәтижелер өзінен-өзі көрініп тұр: 730 мың тоннаға жуық қоқыс жиналып, 966 мың гектардан астам аумақ тазартылды. Алайда «Таза Қазақстан» тек тазалау емес, ол — құрылымдық жұмыс. Осы науқан аясында 2,4 миллионға жуық ағаш отырғызылды. Президенттің 11 қазандағы акцияға өзі қатысуы, Jasyl El еріктілеріне айтқан алғыс сөзі – «Сендердің еңбектерің басқа жастарға үлгі» – бұл бастаманың басты мақсатын – жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және туған жерге деген жауапкершілікті сіңіруді айқын көрсетіп отыр, әсіресе жастар арасында.
- Мемлекет басшысының елордадағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызуға тікелей қатысуы – бұл қоғам үшін қаншалықты маңызды белгі?
- Бұл – аса маңызды белгі. Президенттің өзі еріктілер мен экоактивистермен бірге ағаш отырғызу жұмысына қатысуы – экология мәселесі мемлекет үшін басым бағыт екенін айқын көрсетеді. Оның «ой-ниетіміз де таза болуы керек» және «ел игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз» деген сөздері әрбір қазақстандыққа арналып айтылған үндеу.
Одан бөлек, акциядан кейін Мемлекет басшысы Greenline жаңа бульварын аралап көрді. Жаяу жүргіншілер мен велосипед жолақтары, қолдан жасалған тоғандары бар бұл жоба – қазіргі заманғы қоғамдық кеңістіктің қандай болу керектігін айқын көрсететін үлгі. Президенттің бұл сапары – экология мен жайлы қалалық ортаның бір-бірінен ажырамас ұғым екенін, «Таза Қазақстан» науқанының негізінде дәл осындай кешенді көзқарас жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.
- Сіз көгалдандыру жайын айтып өттіңіз. Мемлекет басшысы ағаш отырғызуға қатысты нақты тапсырма берген еді. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?
- Бұл бағыт ерекше бақылауда. Президенттің 2021–2025 жылдар аралығында елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы толық орындалды деп сеніммен айта аламын. Бұдан бөлек, бұл жұмыс тоқтап тұрған жоқ: тек биылдың өзінде жоспардан тыс 900 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Ал 11 қазан күнгі акция аясында тек Астананың өзінде 11 450 түп ағаш отырғызылды.
Ал Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндет – орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы да кестеден ілгері жүріп жатыр. Қазіргі таңда 1 миллиард 369 миллионнан астам көшет отырғызылды. Бұл ретте Арал теңізінің құрғаған табанында атқарылып жатқан жұмысқа ерекше тоқталғым келеді – мұнда 530 миллион сексеуіл көшеті егілген. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – экожүйені қалпына келтіруге қосылған нақты үлес және Президенттің стратегиялық тапсырмаларын іске асырудың жарқын көрінісі.
- Қоқыс жинау – маңызды, бірақ бұл мәселенің салдарымен күресу ғана. Ал оның түпкі себебін жүйелі түрде шешу қалай жүзеге асып жатыр? Қалдықтарды өңдейтін зауыттар салу жұмысы жүргізілуде ме?
- Дәл солай. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттарды ірі қалаларда салу туралы нақты тапсырма берді. Қазір бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрлік қалдықтарды басқару саласы бойынша 66 жобадан тұратын пул әзірледі. Осы жобалар жүзеге асқанда, жыл сайын сұрыпталатын қалдық көлемі 2,2 миллион тоннаға, ал өңделетін қалдық көлемі 1,1 миллион тоннаға артады. Сонымен қатар, 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Утилизациялық алым есебінен 87,2 миллиард теңге көлемінде 20 жоба қаржыландырылды, оның ішінде 13-і тікелей қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. Бұл – жай ғана қалдықтарды жинаудан олардың терең өңделуіне және тұйық циклді экономиканы қалыптастыруға көшуге мүмкіндік беретін жүйелі тәсіл.
- Президент өз Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуге ерекше назар аударды. Бұл технологиялар экология саласында қалай қолданылып жатыр?
- Жолдауға сәйкес, біз саланы ауқымды түрде цифрландыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде үш негізгі ақпараттық жүйе іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Біріншісі – Қоршаған орта жағдайының ұлттық деректер базасы. Бұл жүйе ірі кәсіпорындардағы зиянды шығарындыларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы платформаның негізінде біз жасанды интеллект элементтерін енгізуді бастадық. Ол заң бұзушылықтар анықталған жағдайда автоматты түрде айыппұлдарды есептейтін болады.
Екіншісі – Табиғи ресурстардың интерактивті картасы. Бұл жүйе арқылы біз ғарыштан бақылау жүргізіп, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін (тек 2024 жылы 4886 жағдай анықталды), орманды заңсыз кесу фактілерін тіркеп, 2 миллиард ағаш отырғызу барысын қадағалаймыз.
Үшінші жүйе – халықпен кері байланысты қамтамасыз ететін өте маңызды құрал – «Таза Қазақстан» чат-боты. Осы чат-бот арқылы біз азаматтардан 32 мыңнан астам өтініш қабылдадық. Бұл шағымдар мен ұсыныстар автоматты түрде тиісті әкімдіктерге жолданып, нақты жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек, Астана әкімдігімен бірлесіп, біз коммуналдық және құрылыс қалдықтарының қозғалысын бақылайтын цифрлық жүйені енгіздік. Бұл жүйе қалдықтардың қай жерде пайда болғанынан бастап, оларды утилизациялау кезеңіне дейінгі бүкіл жолын қадағалап отырады. Қазір осы жүйені еліміздің басқа өңірлеріне де енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
- «Таза Қазақстан» акциясы 2029 жылға дейін жоспарланған. Алдағы жоспар қандай және бұл жұмыс алдағы жылдары қалай жалғасады?
- Дұрыс айтасыз, бұл – ұзақ мерзімді, жыл бойы үздіксіз жүргізілетін жұмыс. 11 қазанда оның ауқымды күзгі кезеңдерінің бірі өтті, бірақ кампанияның өзі жалғасуда. Біздің басты мақсатымыз – тек қана тазалық жұмыстарын жүргізу емес, ең алдымен, адамдардың санасын өзгерту, табиғатқа деген ұқыпты көзқарасты өмір салтына айналдыру.
Жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі: оған көгалдандыруды жалғастыру, қалдықтарды өңдейтін инфрақұрылым салу, цифрлық мониторинг жүргізу және ең бастысы – экологиялық сауаттылықты арттыру жатады.
Мемлекет басшысының бастамасы бүгінде шын мәнінде бүкілхалықтық қозғалысқа айналды. Ол жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып жатыр. Біз осы бастаманың серпінін сақтап, алдағы жылдары оны одан әрі дамытатын боламыз.
- Әңгімеңізге рахмет!