Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тоқаев: Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
8 Қыркүйек 2025, 12:32
738
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтырып жатыр, - деді Президент. 

Мемлекет басшысы атағандай, жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. 

Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі, - деп айтты Президент жиында.

Бұған дейін Президент салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы