Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тоқаев: Жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім

5 Қаңтар 2026, 10:01
545
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатта энергетикалық және коммуналдық сектордағы ауқымды реформалардың мәні мен маңызын түсіндіріп, тариф саясатын өзгерту әлеуметтік әділдікке бастайтынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан былтыр энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі реформаны бастады. Оның негізгі мақсаты – ондаған жыл бойы тозып, апаттық жағдайға жеткен инфрақұрылымды жаңғырту және саланы тұрақты даму жолына шығару.

Мемлекет басшысы бүгінде жүздеген шақырым инженерлік және электр желілерін салу қажеттігін атап өтті. Қазір бұл ауқымды жобалардың есеп-қисабы әзірленіп жатыр.

Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент тек инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз екенін, ең бастысы – жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керектігін баса айтты. Оның сөзінше, жаңғырту шаралары салаға инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасап, шынайы нарықтық тетіктерді қалыптастыруға тиіс.

Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді. Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, тарифтердің жасанды түрде төмен ұсталып келуі ауқатты топтарға жасырын субсидия берумен тең.

Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті. Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін тариф саясатын өзгерту қажет. Мемлекет тек шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға атаулы қолдау көрсетуі тиіс.

Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажет. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Төлем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілді. Суды және электр қуатын барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар «тұтынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жаңа жүйе ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика саласын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл реформалар ел экономикасының сапалық тұрғыдан өсуіне қуатты серпін береді.

Өзгелердің жаңалығы