Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, табыс тіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент ең алдымен жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуымен құттықтап, сайлауда жеңіске жетіп, депутат атанған азаматтардың жұмысына табыс тіледі.
Сіздер мемлекетімізді дамыту және ел мүддесін қорғау ісіне үлес қосасыздар деп сенемін. Мен бір жыл бұрын осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, - деп айтты Мемлекет басшысы Мәжілісте.
Сонымен қатар Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын еске салды.
Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды, - деп айтты Тоқаев.