Тоқаев: Жаңа заң журналистердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтеді

27 Маусым 2024, 12:13
244
Бөлісу:
Тоқаев: Жаңа заң журналистердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтеді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қабылданған заң өте маңызды құжат екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ертең Парламенттің кезекті сессиясы аяқталатынын айтты.

Депутаттар маңызды оқиғалардың бел ортасында жүр. Сайлаушылармен тығыз жұмыс істеп жатыр. Олар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болып отыр. Халыққа қажет заңдарды қабылдау жөнінде бастамалар көтеруде. Осы сессияның өзінде елдің дамуына тікелей ықпал ететін 100-ден астам заң қабылданды. Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Президент атап өткендей, жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. 

Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеуде. Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашанда зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық. Айтпақшы, Президент Әкімшілігінде де әріптестеріңіз аз емес. Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады. Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады, - дежі Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы