Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Ван провинциясындағы қар көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза болғаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды.
Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтар мен жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Алла тағаладан табиғи апат кезінде қаза тапқандардың жандары жәннатта болуын, жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тілеймін, - делінген жеделхатта.
Айта кетейік, өткен түн Түркияның шығыс бөлігіндегі Ван провинциясында екі бірдей қар көшкіні жүріп, 38 адам қайтыс болды. "Хабар 24" агенттігінің мәліметінше, Ванның Бахчесарай ауданында болған бірінші қар көшкінінде 5 кісі қаза тапқан. Тағы 8 адам жарақат алып, екеуі қар астында қалып қойған.
Оқиға орнына дер кезінде жеткен жергілікті құтқару топтары мен өзге де азаматтар оларды құтқаруға кіріскен шақта көшкін қайта жүріп, енді 100-ге жуық кісі қар астында қалып, 33-і қайтыс болды. Құтқарушылардың өзі көмекке зәру болып, тың күш оларды құтқаруға кірісті. Алайда олар жергілікті уақыт бойынша түнгі 01:00-де өз жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі аймақта тағы да қар көшкіні болу қаупі бар деген дабыл қағылды.
Қатарынан екі рет қар көшкіні жүріп, бірнеше азаматымыздан айырылып қалдық. 11 жандармия, 1 әскер, 7 қауіпсіздік сақшысы, 1 инженер, 3 өрт сөндіруші, мемлекеттік жолдарға жауапты 2 қызметкер мен тағы 2 кісі қаза тапты. Екі адам қар астында қалды деп болжап отырмыз. 63 азаматты құтқардық, - деді ішкі істер министрі Сулейман Сойлу.