Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында еліміздің туризм саласын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Туризм саласында біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік жердің бәрін ретке келтіру жөнінде тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін дамыту маңызды, - деді Президент.
Тоқаев міндеттердің ара-жігін ажыратып алу қажет деп санайды.
Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады, - деп айтты Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қазақстанның басты проблемасы – жоғары инфляция екенін атап өтті.
Сондай-ақ, сарапшы Жолдауда білім, ЖИ және туризм салаларына басымдық берілуі мүмкін екенін жеткізген болатын.