Тоқаев Сүлейменоваға нақты міндет жүктеді: Білім беру жүйесі қалай өзгереді

Жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 13:11
Бүгiн 2026, 13:11
102
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады. Кездесу барысында Президентке 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер таныстырылды, деп хабарлайды  BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Министрдің мәліметінше, жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленген. Ал мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде.

Жұлдыз Сүлейменова бастауыш білім беру мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын атап өтті. Соған сәйкес, мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып қайта қаралуда.

Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамыту бағытында 184 білім беру нысаны іске қосылып, үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешілген, - делінген Ақорда хабарламасында.

Министр білім беру саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасы 6760 мектепке енгізіліп, дипломдар, аттестаттар мен түрлі анықтамалар толықтай цифрлық форматқа көшірілген.

Сонымен қатар «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өткен. Тағы 200 мыңға жуық педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ-ассистенттерді пайдалану дағдыларын меңгеріп жатыр.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 209 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге балабақшаға кезек екі есеге жуық қысқарған.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту және жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту бойынша бірқатар нақты міндет жүктеді, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен білім беру саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізудің маңыздылығын айтты.

Наверх