Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент атағандай, банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс.
Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет, - деді Тоқаев.
Президент сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен дұрыс екенін айтты.
Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр, - деп айтты ол.