Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлық базасына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бүгінде атлетикалық манеж, мұз аренасын, көпфункционалды спорт залын, көркем және спорттық гимнастика залын, әкімшілік ғимараты мен қонақ үй салу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар жүзу бассейнінің, жекпе-жек залының, спорттық атыс алаңының, трибуналары бар стадион мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып келеді.
Президент ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрді. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған. Мемлекет басшысына аталған базаның бірегей ерекшелігі туралы айтылды: Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан.
Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрлері, жекпе-жек өнері, су спортының түрлері, спорттық оқ ату, садақ ату секілді спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларын даярлау жоспарланып отыр. Президентке атлетикалық манеж бен спортшыларға арналған қонақ үй көрсетілді.