Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды табыстайды

Еңбек ардагерлері, дәрігерлер, педагогтер мен өндіріс саласының өкілдері мемлекеттік наградаға ие болды. Ақордада қандай марапаттар табысталады?

23 Қазан 2026, 11:15
АВТОР
 Ақорданың баспасөз қызметі 23 Қазан 2026, 11:15
23 Қазан 2026, 11:15
128
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бүгін, 23 қазанда, Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғаны хабарланды. Құжатқа сәйкес, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызметімен көзге түскен азаматтар марапаттарға ие болды.

Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшы мамандықтарының өкілдері, өндіріс және бизнес саласының қызметкерлері, педагогтер, ғалымдар, медицина мамандары, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері бар.

Ақорда жариялаған мәліметке сәйкес, мемлекеттік наградаларға 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 473 жұмысшысы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым және 120-ға жуық медицина қызметкері ие болды.

Айта кетейік, Республика күні Қазақстанда жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі. Бұл мереке 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған тарихи күнге орай белгіленген.

Еске салайық, Ұлытаудан шыққан металлург «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Әбдірашит Доспанов өндірістегі айрықша еңбегі үшін Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен марапатталады.

Наверх