Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті үндеуінде осылай деді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды. Бұл заң, шын мәнінде, елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» өздерін заңнан жоғары қояды - деді Мемлекет басшысы.
Президент осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмай отырғанын айтты.
Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді. Осындай «белсенділердің» кесірінен Интернет бұғатталады. Нәтижесін миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді. Яғни, ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізеді - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындардың арандатушылықпен айналысқанын айтты.
Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез келген түріне қатаң шара қолданамыз - деді ол өз сөзінде.