Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады

4 Желтоқсан 2023, 17:35
670
Бөлісу:
Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында жүзеге асырылатын миссияларға қатысу үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы  және әскердің жауынгерлік дайындығына қатысты жаңа тәсілдер, оқу базасы мен полигондардың жай-күйі туралы баяндалды.

Сонымен қатар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау мәселесіне, ұшқышсыз ұшатын ұшақ кешендерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қару-жарағын, жаңғыртылған бронды техника мен байланыс құралдарын қоса алғанда, авиациялық техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, Президентке азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру барысы, әскери қызметшілердің мәртебесі мен оларға берілетін ақшалай қаражатты арттыруға бағытталған шаралар туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында жүзеге асырылатын миссияларға қатысу үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрге отандық қорғаныс бағытындағы кәсіпорындармен ықпалдастық жасау, аумақтық қорғанысты және Арнайы операцияларға қатысатын күштерді дамыту, әскери-патриоттық жұмысты күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы