Тоқаев: Қазақстан ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті

21 Мамыр 2024, 11:30
347
Бөлісу:
Тоқаев: Қазақстан ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті
Фото: Ақорда

Бұл туралы Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президенттің пікірінше, жаһандық стратегиялық тұрақсыздық жағдайында кешенді тәсілдерді қолданудың, барлық тараптың мүддесін ескерудің және үнемі мәмілеге келу жолдарын іздеудің маңызы артып келеді

Мемлекет басшысы бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мұраттары мен құндылықтарын ұжым болып ілгерілететін уақыт келді деп санайды.

 Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша, әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді. ШЫҰ-ны одан әрі реформалау ісіне ерекше мән беру қажет. Осы Ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді дайындауға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақтастықтың тиімді және көпжақты тетігіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсыныс жасады. Алдағы уақытта да осы бастамалар қолдау табады деп үміттенеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның ортақ сын-қатер мен қауіптерді еңсеру ісіндегі әлеуетін арттыру жұмыстары дер кезінде қолға алынып отырғанын атап өтті

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «үш зұлым күшке» қарсы күрес Ұйым ынтымақтастығының тұрақты назарында болуға тиіс деп санайды.

Қазақстан осы бағыттағы ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі. Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісілген және нақты шаралардың айқын дәлелі. Бұл халықаралық қатынастардың жаһандық архитектурасындағы ұстанымды нығайту, ШЫҰ-ның әлемдегі беделі мен рөлін арттыру тұрғысынан да маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы