Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимінде қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресейлік серіктестердің қатысуымен Қазақстанда жалпы қуаты 370 мегаватт болатын жобалар жүзеге асырылып үлгерді. Келісімдер аясында жақын арада тағы 1 гигаватттық экологиялық таза энергия өндіру жоспарлануда. Бұл бағытта ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге үлкен әлеует бар, – деді Тоқаев.
Президент бірлескен өндірістік кооперация бағдарламасының іске асырылғанына бес жыл толғанын атап өтті.
Бағдарлама аясында жалпы көлемі 18,5 миллиард АҚШ долларына жететін 93 жоба жүзеге асырылып, 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ биыл Сарань қаласында “ТатНефть” компаниясының қатысуымен жылына 3,5 миллион шина өндіретін зауыт іске қосылды. Сонымен қатар, “КамАЗ” компаниясымен машина жасау жабдықтарын өндіруді локализациялау тереңдетілуде. Қазан айында Қостанайда жылына 40 мың тонна шойын өндіретін ірі жобаның іске қосылуы күтілуде. Ал келесі жылы жетекші көпірлердің компоненттерін шығаратын зауыт ашылады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.