Келіссөз қорытындысында екі ел стратегиялық серіктестік туралы мәлімдемеге қол қойып, Тоқаев Ираклий Кобахидзені І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері жан-жақты қаралған. Сондай-ақ энергетика, көлік, өнеркәсіп, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылған.
Президент мұның бәрі Қазақстан мен Грузия арасындағы өзара тиімді әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайтынын айтты.
Мұның бәрі өзара тиімді ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді әрі екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін екі елдің Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойғанын атап өтіп, бұл оқиғаны Қазақстан мен Грузия қатынастарындағы тарихи кезең деп бағалады.
Президенттің сөзінше, мұндай маңызды нәтижеге қол жеткізуге Ираклий Кобахидзенің көшбасшылығы мен екі ел арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жеке күш-жігері елеулі үлес қосқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Үкіметінің басшысына сапары, бөлген уақыты және халықтарды жақындастыру жолындағы шынайы ұстанымы үшін алғыс айтты.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Ираклий Кобахидзені Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі мен көшбасшылық қызметі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жариялады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Грузия жаңа келісімдерге қол қоятынын, Кобахидзе Астанаға келгенін хабарладық.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Грузияны стратегиялық серіктесі ретінде жоғары бағалайтынын айтты.