Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қарағанды – еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Өңір халқының 80 пайызы қалада тұрады. Мұндағы өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осында қоныстанған.
Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе», - деді Президент.
Мемлекет басшысы шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алу керектігін айтты.
«Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек, - деді ол.
Моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеу жайы да айтылды.
«Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет, - деді Президент.