Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары аясында БҰҰ Бас Ассамблеясындағы дебаттар алдында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев президенттер қандай мәселені талқылағанына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әбішевтің айтуынша, әңгіме барысында негізгі назар Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағына аударылды. Дональд Трамп экономика мен сауда салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өткен.
Саясаттанушы бұл келіссөздерде, ең алдымен, сауда тарифтері, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ жобаларын ұзарту және Қазақстан экономикасына инвестициялар туралы сөз болғанын болжайды.
Америкалық көшбасшы экономикаға қатысты, нақты пайда әкелетін жобаларды талқылағанды ұнатады, – деді Әбішев.
Сапар аясында Мемлекет басшысы АҚШ-тың бірқатар ірі корпорацияларының өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, ол Goldman Sachs басшылығымен (цифрландыру, финтех, биржалық инвестициялар), PepsiCo директорлар кеңесінің төрағасымен (Алматы облысында құны 368 млн доллар болатын снэк зауытының құрылысы), Amazon компаниясының аға вице-президентімен (Қазақстанда аймақтық спутниктік байланыс хабы мен кеңжолақты интернет қолжетімділігі), Chevron басшылығымен (Теңізді кеңейту, Қарашығанақтағы қайта өңдеу жобалары) және басқа да инвесторлармен келіссөздер өткізді.
Сонымен қатар Тоқаев пен Трамп халықаралық жағдайға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан Президенті Украинадағы соғыс жөніндегі көзқарасын білдіріп, бейбіт шешім іздеуге дайын екенін жеткізген.
Қазақстан қақтығыстың табиғатын жақсы түсінеді және басынан бастап бейтарап, дипломатия тілін қолдайтын ұстанымда, – деді Әбішев.
Әбішевтің айтуынша, Тоқаев сондай-ақ БҰҰ реформасы, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің жаңғыруы жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салған. Бұл тақырыпты Президент ертең Бас Ассамблея отырысында жеке таныстырады.
Мұнда бастысы – жаңа ғаламдық қауіпсіздік жүйесінің АҚШ-қа да тиімді болатынын түсіндіру, – деп түсіндірді саясаттанушы Telegram каналында.