Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі күрделі кезеңде съездің тарихи мәні артып отыр. Өйткені халықтар арасындағы келісімді нығайтып, пандемиядан кейінгі әлемде әділетті қоғам құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда ашық диалог орнату – өте маңызды. Дін көшбасшыларының VII съезі тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенемін. Біздің мүддеміз және ниетіміз бір. Бәріміз де бейбіт әрі берекелі болашаққа қадам басуды қалаймыз. Осы игі мақсатқа бірге жетейік, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев VII cъездің ашылуында сөйлеген сөзінде.
Еске сала кетейік, дәл қазіргі уақытта астанадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Оған 50 мемлекеттен 100-ден астам делегация өкілдері, оның ішінде, ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері қатысуда.
Бұған дейін Президент Қазақстан аумағын барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті деп атаған болатын.