Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тоқаев: Орталық Азия мен Италия арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілді

Олжас АДАЙ
30 Мамыр 2025, 17:32
565
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Астанада өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің қатысуымен ұйымдастырылған алғашқы Орталық Азия – Италия саммитінде  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Мелони ханымның елімізге жасаған сапасына жоғары баға беріп, бұл кездесудің маңызын атап өтті.

Ең алдымен Италия Республикасының Министрлер Кеңесінің Төрайымы Джорджа Мелони ханымға елімізге жасаған сапары үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Сізді Астанада қабылдау – мен үшін зор мәртебе. Сіз – Италияның соғыстан кейінгі тарихындағы үкіметті басқарған алғашқы әйелсіз. Әлемдік қауымдастық сізді қазіргі заманның көрнекті әрі ең беделді саяси қайраткерлерінің бірі ретінде мойындайды. Ішкі және халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдарыңыз бен іс-әрекеттеріңізді толық қолдаймын, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Джорджа Мелонидің Астана халықаралық форумында сөйлеген мазмұнды сөзіне оң баға беріп, оның саяси және сарапшылық қауымдастықта жылы қабылданғанын айтты.

Сіздің сөзіңіз саясаткерлер мен сарапшылар қауымында өте жағымды, тіпті оң пікір тудырды деп айтар едім, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Орталық Азия елдерінің басшыларына да ризашылығын білдіріп, өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы бірлескен қадамдарды жоғары бағалады.

Қадірлі әріптестерім, бауырлас Орталық Азия елдерінің басшыларына саммитке қатысып, өңірлік ынтымақтастықты тұрақты түрде қолдап отырғандары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің сыртқы істер министрлері деңгейінде басталған саяси диалогтың бүгінгі таңда мемлекет басшылары деңгейіне көтерілуі – аса қуанышты жайт, – деді ол.

Президенттің айтуынша, бұл қадам Орталық Азия өңірінің тек саяси емес, стратегиялық маңызын да арттыра түсті.

Бұл өңір елдері мен Италия Республикасының жан-жақты аймақаралық әріптестікті нығайтуға деген шынайы ұмтылысын көрсетеді, – деді Тоқаев.

Саммит аясында сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік, логистика, білім беру және ғылым салаларындағы маңызды мәселелер талқыланады деп күтіліп отыр.

Өзгелердің жаңалығы