Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
– Біздің жан-жақты серіктестігіміз сирек кездесетін металдарды және «жасыл» сутегіні өндіру стратегиялық маңызды әрі перспективті салалардағы жаңа келісімдермен нығайып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Svevind неміс-швед компаниясы Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнататын және үш миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін зауыт құрылысын бастады. Бұл – серпінді жобалардың бірі, сондай-ақ ЕуроОдақтың осы өнімге деген қажеттілігінің шамамен 20 пайызын құрайды. Былтыр қараша айында Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен бірге Тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңғыртылатын сутектің құнын жасақтау тізбегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойдық, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір елдері үшін стратегиялық маңызы бар ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, тауар айналымын ұлғайту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, негізгі міндет – сауда номенклатурасын кеңейту арқылы экспортты ұлғайту.
– Қазақстан машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі секілді салалар бойынша құны 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ЕуроОдақ елдеріне экспортты ұлғайтуға дайын. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегі зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.