Тоқаев: Мұнай көлемінің азаю қаупі бар

5 Қыркүйек 2019, 14:24
2348
Бөлісу:
Тоқаев: Мұнай көлемінің азаю қаупі бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда мұнай-газ саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың твиттердегі парақшасында жазылды.

"Мұнай-газ компанияларының әлеуметтік аударымдарының арқасында мыңдаған азаматтарымызға, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары үшін заманауи мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары, басқа инфрақұрылым нысандары салынды. Дегенмен, біз бір орында тоқтап қалмауымыз керек" - деді Президент жиын барысында.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев "өндіріс деңгейін жүйелі негізде арттыруымыз қажет" екенін айтты. 

"Осыған байланысты мен Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын толыққанды игерудің Жол картасын қысқа мерзім ішінде келісуді тапсырамын" - деді ол.

Президенттің айтуына қарағанда, «Әділдік индексі» аясында туындаған мәселелер бойынша ортақ келісімге келу қажет. 

"Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып отыр. Сондықтан Үкімет түсетін табысты толық көлемде алу жағынан Қазақстанның мүддесін қорғай білуі тиіс. Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету, негізінен, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр. Мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай көлемінің азаю қаупі бар. Ресурсты тиімді пайдалану үшін Үкімет нақты ұсыныстар енгізуі қажет" - деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Атырауға жұмыс сапарымен барған болатын.

Өзгелердің жаңалығы