Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың жұмысын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту қажет. Әйтпесе көздеген мақсатымызға жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алып, тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауы жеткіліксіз екенін айтты.
Экономиканың өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады. Сондай-ақ қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыру – өте маңызды міндет. Биліктің өзгеріс жасауға ықыласты және дайын екенін жұрт көруі керек. Бір сөзбен айтқанда, шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажет. Ел басқару және шешім қабылдау ісіне азаматтарды барынша тартқан жөн, - деп тапсырма берді Президент Мәжілістің жалпы отырысында.
Еске салсақ, бүгінгі отырыс барысында Тоқаев инфляцияны кемінде екі есеге төмендету керек екенін, ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды екеніне тоқталды.