Тоқаев Маңғыстаудағы су тапшылығын тез арада шешуді тапсырды

12 Шілде 2023, 08:40
548
Бөлісу:
Тоқаев Маңғыстаудағы су тапшылығын тез арада шешуді тапсырды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының тұщы су тапшылығына қатысты арыз-шағымына назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне аталған мәселені мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуді тапсырды. 

Бүгінде өңірдегі су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Судың жетіспеушілігі тәулігіне 77 200 текше метрді құрайды. 

Мұнайлы ауданында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта «Каспий» су тұшыту зауытындағы істен шыққан сорғы қондырғысының жөнделіп жатқанына байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мың текше метрден 10 мың текше метрге дейін азайған. 

Аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде су тұшыту зауыттары мен қондырғылардың құрылысы жүргізілуде. 

Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Бұл ауызсу беру мөлшерін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 

Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы