Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668622.jpg)
Биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысқан. Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" және "Томирис" командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668625.jpg)
Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668621.jpg)
"Елдің атын ер шығарар" деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668624.jpg)
Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі, – деді Президент.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668626.jpg)
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныштығын күзеткен арнаулы қызметтер мен күштік құрылымдардың атқарған істеріне тоқталды.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668638.jpg)
Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал, – деді Мемлекет басшысы.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668643.jpg)
Президент қазір кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатқанын мысалға алып, Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрғанын жеткізді.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668635.jpg)
– Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668634.jpg)
Президент сөзін қорытындылай келе, офицерлердің қызметіне сәттілік тіледі және оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668633.jpg)
Жиында ҚР Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" командасының мүшесі, полиция аға лейтенанты Ермекқали Шоқаев, Ішкі істер министрлігі "Томирис" командасының капитаны, полиция майоры Айнагүл Байжігітова және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің капитаны, "Сардар А" командасының мүшесі Мерлан Ұлтанбаев сөз сөйледі.
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/userfiles/images/5285248753319668646.jpg)