Қазақстан Президенті Каспий теңізінің экологиялық саммитінде сөйлеген сөзінде Каспий итбалықтарының саны азайып бара жатқанына да алаңдаушылық білдіріп, теңіз экожүйесін сақтауға ерекше назар аударуға шақырды.
Оның айтуынша, бұл кездесуді тарихи оқиға деуге болады. Өйткені Каспий теңізінің өңір елдері халықтары үшін стратегиялық маңызын асыра бағалау қиын.
Каспий – табиғаттың бірегей қазынасы, миллиондаған адамның әл-ауқатының көзі, бүкіл Еуразия құрлығы үшін маңызды көлік және энергетика торабы. Сондықтан Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға, ең алдымен, мемлекеттеріміз ерекше назар аударуы керек. 2000 жылдан 2025 жылға дейін теңіз акваториясының жалпы ауданы 16 мың шаршы шақырымнан астам қысқарды. Жекелеген учаскелерде жағалау сызығы ондаған шақырымға шегінді. Су ағынының азаюы, климаттың жылынуы және антропогендік жүктеме нәзік табиғи жүйе мен теңіз биоалуантүрлілігіне аса кері, тіпті жойқын әсер етіп отыр. Соңғы жүз жылда саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған Каспий итбалықтарының тағдыры ерекше алаңдаушылық туғызады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экологиялық мәселелерді ел ішінде де, халықаралық аренада да шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Табиғатты сүю құндылықтарын кеңінен насихаттау қажет деп санаймыз. Бұл құндылықтардың жаңа Конституциямызда көрініс табуы кездейсоқ емес. Конституция барлық азаматты табиғат пен оның байлығына ұқыпты қарауға міндеттейді, сондай-ақ мемлекетке адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігін жүктейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық еріктіні біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырудың пәрменді тетігіне айналды. Біз қарапайым көрінгенімен, іргелі қағидатты басшылыққа аламыз: экономикалық даму мен табиғатты қорғау бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады, – деді Президент.