Қазақстан Президенті бірлескен экологиялық жобаларды дамытуды, өзендердің су ағынын қалпына келтіруді және Тегеран конвенциясының тұрақты хатшылығын құру жұмысын аяқтауды ұсынды.
Бұл жобалар теңіз акваториясын да, Каспийді сумен қамтамасыз ететін өзен алаптарын да қамтуы керек. Біз өзендердің су ағынын, атыраулары мен сулы-батпақты алқаптарын қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстарды тиісті жағдайға келтіруіміз қажет. Бұл жұмысқа гранттар, жеңілдетілген несиелер және климаттық қаржыландырудың басқа да тетіктері қолдау көрсете алады әрі көрсетуге тиіс, – деп санайды Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Президент Тегеран конвенциясының тұрақты жұмыс істейтін хатшылығын құруды аяқтау қажеттігін атап өтті.
Қабылданған шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз ететін, қызметті үйлестіретін және жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық келісімдердің орындалуын бақылайтын тиімді тетік қажет. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жұмысын жалғастырады. Өйткені ортақ міндетіміз – су ресурстарын жаһандық деңгейде басқарудың тиімділігін арттырып, сонымен бірге Каспийдің экологиялық жағдайына басымдық беру. Су қауіпсіздігі халықаралық күн тәртібінде азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздік мәселелерімен қатар лайықты орын алуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, Каспий – мемлекеттік шекараларды мойындамайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халықаралық ұйымдар мен қаржы нарықтарындағы үйлесімді әрекеттерсіз ортақ табысқа жету мүмкін емес.
Нәтижелі жұмыс істеу үшін қажетті жағдайдың бәрі бар: саяси диалог, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар және елеулі ғылыми әлеует. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында халықтарымыздың өмірі, әл-ауқаты мен ортақ болашағының қайнар көзі саналатын Каспий теңізін сақтап қаламыз деп үміттенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.