Тоқаев Германияға не үшін барады?

27 Қыркүйек 2023, 22:20
7187
Бөлісу:
Тоқаев Германияға не үшін барады?
Фото: BAQ.KZ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28-29 қыркүйек күндері Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен баратыны белгілі. Бұл сапардан не күтуге болатынын және Германия еліміз үшін қандай серіктес екенін BAQ.KZ тілшісі халықаралық саясаттанушылардан сұрап білді.

«Бір ғана Қазақстан 80 пайыз үлесін алып отыр»

Саясаттанушы Олжас Бейсенбай Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс түрлеріне тоқталып, екі ел арасындағы қарым-қатынаста даму бар екенін айтты.

Германия біз үшін екіжақты және көпжақты форматтағы байланыста стратегиялық маңызды мемлекет болып саналады. Еуропалық одақ пен Орталық Азия форматында да, жеке Қазақстан – Германия қарым-қатынасында да жақсы динамика бар деуге болады, - деді ол.

Сарапшы биыл 13 маусымда саясат, қауіпсіздік мәселелері талқыланған Орталық Азия және Еуропалық одақ деген жоғары деңгейдегі диалогтың отырысы Астанада өткені оған мысал екенін жеткізді.

Жеке Германияны алатын болсақ, Германия – Еуропалық одақтағы халықтың саны жағынан да, экономикалық қуаты жағынан да жетекші мемлекеттің бірі және біздің сауда-экономикалық, инвестициялық серіктес мемлекеттің бірі. Мысал үшін Германияның Орталық Азиямен саудасының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Яғни бір ғана Қазақстан 80 пайыз үлесін алып отыр, - дейді ол.

Сондықтан саясаттанушының пікірінше, Германия – еліміздің басым серіктесі. Ол екіжақты ықпалдастықтың басым салаларын атап өтті.

Бұл – энергетика, қайта өңдеу өндірісі, машина құрылысы, транспорт және логистика, қайта жаңартатын энергия көздері, сирек металдар, ауыл шаруашылығы, - деді Олжас Бейсенбай.

Сондай-ақ саясаттанушы Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердың Қазақстанға биылғы сапарын еске салды.

Жаз айларында Штайнмайер мырза келіп кеткенін білесіздер. Сол кезде екіжақты 9 келісімшартқа қол қойылған болатын. Мәселен, қос тарап жасыл сутегіні өндіру бойынша зауыттың жұмысын бастаймыз деп келісті. Оған Svevind Energy деген компания инвестиция ретінде 50 млрд АҚШ долларын салуға дайын екенін білдірді, - деді ол.

Германия тарапымен қандай мәселелер талқыланады?

Саясаттанушы Риззат Тасым Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға іссапарының ауқымы өте кең екенін айтады. Бұдан алдын іссапар аясында Мемлекет басшысының Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен ғана емес, Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен де кездесетіні хабарланған болатын. Осы орайда сарапшы Олаф Шольцтың БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатында сөйлеген сөзін еске алды.

Ол қауіпсіздік кеңесін реформалау қажеттігі туралы айтқан болатын. Яғни Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелер санын көбейтуді ұсынған. Сондықтан да алдағы кездесуде осы мәселе міндетті түрде қозғалатын болады. Өйткені бұл мәселе бойынша екі тарап та бір позицияны ұстанып отыр, - деді ол.

Саясаттанушы сондай-ақ Германия өзінің сауда-экономикалық саясатында басты назарға өндірістік-экономикалық кооперация құруды, транспорттық үйлесімділікті арттыруды, цифрлық және жасыл экономика мәселелерін дамытуды, энергетика саласындағы тиімділікті арттыруды алып отырғанын айтады. Сондықтан Қазақстанмен аталған мәселелер айқындалып, қосымша келісімшарттарға қол қойылатынын жеткізді.

Ал Қазақстан тарапынан көтерілетін үлкен мәселе – Германиямен сауда-саттық көлемін ұлғайту. Сонымен қатар, еліміз үшін басты стратегиялық мәселелердің бірі – Германияның Орталық Азияға салып жатқан инвестиция көлемінің басым бөлігін Қазақстанға тарту, - деді саясаттанушы.

Яғни жоғарыда аталған Орталық Азия мемлекеттерімен сауда-саттық үлесінің елімізге тиесілі 80 пайызын сақтап қалу.

Өзгелердің жаңалығы