Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне арналған брифинг кезінде айттыд, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұдан кейін екіжақты қарым-қатынасты өрістетуде мәдени-гуманитарлық байланыстар ерекше орын алатыны айтылды.
Қазақ халқы Астанада өткен Түрікменстанның Мәдениет күндері мен түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына орай ескерткішінің ашылуын жылы қабылдады. Ашхабадта Абайға ескерткіш қойылуы халықтарымыздың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы болды. Фестивальдер, гастрольдер және басқа да бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы мәдениет саласында жан-жақты ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталдық. Ғылым-білім беру және жастар арасындағы байланысты дамыту перспективасы жан-жақты талқыланды. Түрікменстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.
Өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымда тұрақтылық, қауіпсіздік және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін түрікмен тарапымен тығыз ықпалдастық орнатуға әзірміз. Консультативтік кездесулер өткізу, сондай-ақ Каспий теңізінің проблемасы жөнінде ықпалдастық орнату өте өзекті. Қазақстан Ашхабадтың бастамасы бойынша жарияланған Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы аясында Түрікменстан өткізген іс-шараларды жоғары бағалайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді.