Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет екенін тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр, - деді Президент.
Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Президенттің сөзінше, осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс.
Президент қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет екенін тағы да қайталап айтты.
Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады, - деп айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.