Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Барыс" хоккей клубының балалар мен жасөспірімдер командасы ойыншыларының ата-аналарынан түскен шағымға жауап берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ата-аналар қаржылық қиындықтар мен ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты балалар хоккейінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, Президенттен көмек сұраған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге орай жауапты органдарға тапсырма берді. Нәтижесінде "Барыс" хоккей клубының тәрбиеленушілерін Ресейдің осы маусымдағы чемпионатына қатыстыру жұмыстары қолға алынды. Шағымда көтерілген мәселелердің бәрі, соның ішінде клубтың отандық және шетелдік ойыншылар, жаттықтырушылар, басқа да ұйымдар алдындағы қаржылық міндеттемелері бюджет шығындарын оңтайландыру арқылы шешімін тапты, - деп жазды Руслан Желдібай.
Ал қаржылық жағдайдың нашарлауына себеп болған лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылданды.